«Педагогикалық кеңес» отырысында қаралды және мақұлданды.
№____хаттама
«____»__________ 2022 ж.
|
|
БЕКІТЕМІН
Медресе директоры
Б.Қ.Бейсенбаев
________________
«___»_________ 2022 ж.
|
«Астана Медресе колледжі» жеке мекемесінің ішкі тәртіп ережесі
Нұр-Сұлтан қаласы – 2022 жыл.
- Жалпы ереже
- Осы ішкі тәртіп ережесі Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 43-бабы 3-тармағының 1) тармақшасы негізінде және «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық ислами діни бірлестігінің орталық аппаратының кеңейтілген жиналысының 2020 жылғы 14 мамырдағы №010 хаттамасымен бекітілген «Астана медресе колледжі» жеке мекеме жарғысына сәйкес әзірленді. Медресе – Қазақстан халқы үшін мәдени-тарихи маңызы бар білім беру мекемесі болып табылғандықтан, Астана медресе колледжі атауында «Медресе» сөзі сақталады, бұдан әрі «Медресе» сөзі балама атауы ретінде қолданылады.
- Осы Ереже Медреседегі оқу сабақтарының, тәрбиелік іс-шараларды өткізу тәртібі және оларды іске асыру кезінде білім алушыларға қойылатын талаптарды, барлық білім алушылар үшін Медреседе белгіленген мінез-құлық ережелеріне, дәстүрлі ерекшеліктеріне, оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларын орындау, сабаққа қатысу тәртібіне міндетті бағыну, сондай-ақ білім алушылардың өздеріне жүктелген міндеттерді тиісінше қатаң сақтауға негізделген.
- Осы ереже Медресе талапкерлері мен білім алушыларына және оқытушылар құрамы мен басқа да қызметкерлерінің тәртібі және іс-әрекеттерін анықтайтын негізгі нормативтік құжаттардың бірі болып табылады.
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 47-бабы 14-тармағына сәйкес Медресе студенттері осы ішкі тәртіп ережелерін сақтауға міндетті.
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 47-бабы 18-тармағының негізінде Медресе студенттері міндеттерін бұзғаны үшін тәртіптік шаралар осы ішкі ережелерде көзделгендей қолданылуы мүмкін.
-
- Медресенің ішкі тәртібі Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен, Педагогикалық кеңестің шешімдерімен, Медресе директорының бұйрықтарымен және өкімдерімен, осы Ережемен және басқа да ішкі нормативтік құжаттармен және Медресе әкімшілігінің ұйымдастыру-өкімдік актілерімен регламенттеледі.
- ЕРЕЖЕНІҢ МАҚСАТТАРЫ
- Осы Ереже Медресенің аумағында және ғимаратында тиісті имандылық-тәрбие нормаларын белгілеуді қамтамасыз етуді құжатпен бекіту мақсатында әзірленді.
- Осы Ереже Медресенің барлық білім алушылары үшін бірыңғай:
- білім беру процесінің сапасын арттыруды;
- оқу тәртібін нығайтуды;
- оқуға адал болуды;
- оқу жоспары мен оқу бағдарламаларының нәтижелері үшін жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуді;
- имандылық тәрбиеге құрметпен қарауды үйретуді көздейді.
- ЕРЕЖЕНІҢ ҚОЛДАНЫЛУ АЯСЫ
- Осы Ереже Медресенің барлық құрылымдық бөлімшелеріне толық көлемде қолданылады.
- Осы Ережеде белгіленген талаптарды бұзу оқу, еңбек тәртібін өрескел бұзу ретінде қарастырылады және бұзуға жол берген білім алушыға, жұмыскерге тәртіптік жаза қолдану үшін негіз болып табылады.
- Осы Ережені білім алушылар оқу тәртібіне байланысты қатынастарды оқу уақытында да, оқудан бос уақытта да:
- білім алушылар Медресе аумағында, оқу және өзге де ғимаратында болған уақытта;
- Медресемен әріптестік қатынастары бар аумақта, білім беру және басқа да ұйымдардың оқу және өзге де үй-жайларында болған уақытында;
- білім алушылар Медресенің жолдамасы бойынша практикалық базаларда, басқа да оқу және діни-рухани орындарда болған уақытта;
- білім алушылар Медресе атынан конференцияларға, семинарларға және басқа да іс-шараларға, сондай-ақ Медресе ұйымдастыратын іс-шараларға қатысқан кезде орындауды міндеттейді.
- Білім алушылар Медресенің жолдамасы бойынша практикалық базаларда және өзге де кәсіпорындар мен ұйымдарда болған уақытта осы ұйымдардың ішкі тәртіп ережелерінің талаптарын сақтауға міндетті.
- БІЛІМ АЛУШЫЛАР КОНТИНГЕНТІ
- Медреседе білім алушылар контингенті мамандықтың ерекшелігіне қарай ұлдар бөлімшесінің білім алушыларына, қыздар бөлімшесінің білім алушыларына бөлінеді.
- Медресе мен білім алушының, оның ата-анасының және өзге де заңды өкілдерінің өзара қарым-қатынасы қолданыстағы заңнамамен, осы Ережемен және Медресеге қабылдау кезінде әрбір білім алушымен жасалатын білім беру қызметтерін ұсыну туралы шартпен реттеледі.
- Оқуға қабылдау кезінде білім алушы Медресемен білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт жасасуға, Медресенің Жарғысымен, білім беру қызметін жүргізу құқығына лицензиясымен, осы Ережемен және білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілермен, сондай-ақ оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру жөніндегі негізгі құжаттармен танысуға міндетті.
- Қайта қабылдау кезінде білім алушы Медресеге қабылдау (қайта қабылдау, ауыстыру) сәтінде Медреседе қолданылатын үлгілік нысанға сәйкес жаңа шарт жасасуға міндетті.
- Білім беру қызметтерін көрсетудің үлгі шартының нысанын Медресе "Мектепке дейінгі ұйымдар, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім беру қызметтерін көрсетудің үлгілік шартының, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін кәсіптік практиканы өткізуге арналған үлгілік шарттың және дуальды оқыту туралы үлгілік шарттың нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 93 бұйрығына 3 қосымша, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 27 тамыздағы № 432 бұйрығына 1 қосымшасы негізінде дербес әзірлейді.
- Медресе студенттерінің сырт келбеті мен киім үлгісіне қойылатын талаптар
- Шәркірттердің сыртқы келбетінде жалпыға бірдей қоғамдық нормаға сай іскерлік стиль сақталады. Еліктегіш детальдарды қолдануға жол берілмейді.
- ұлдар үшін (бозбала) – классикалық қысқа шаш үлгісі, ұлттық көк түсті тақия бас киімі, көкшіл қара түсті костюм, ақ немесе ашық көк түсті жейде, галстук киім үлгісімен, ауысымдық аяқ киімде қатысады;
- қыздар үшін (бойжеткен) – жинақы ұзын шаш және ашық түсті ұлттық бас орамал, ұзын жеңді ақ жейде (классикалық түрде), ұзын қара белдемше немесе сарафан (классикалық түрде) және ұлттық камзол (немесе ұзын көйлек пен камзол) киім үлгісімен, ауысымдық аяқ киімде қатысады;
- Бірыңғай Медресе киім үлгісі күнделікті және спорттық болып бөлінеді. Оның талаптары: іскерлік, классикалық;
- Бірыңғай Медресе киім үлгісін сақтауда тиым салынады:
- дене мүшелерін жалаңаштауға (төс, бел, кеуде, аяқ саны), никаб, бурка, паранджа, қысқа балақты шалбар және сақал қоюға және спорттық кедалармен сабаққа кіруге, биік өкшелі аяқ киімдерді киюге;
- көзге түсетін кекіл қоюға, “панки” үлгісінде шаш қиюға, еліктіретін косметикаға, көз тартатын әшекейлерге, еліткіш пирсингтерге, маникюр жасауға, шашты әр түрлі ашық түсті бояулармен бояуға, бозбалалардың бұрым өсіруіне рұқсат етілмейді.
- Сыртқы пішіні мен бірыңғай Медресе киім үлгісінің талаптарын сақтамаған жағдайда педагогикалық қызметкер, куратор студентті сыртқы келбетін қалпына келтіру үшін заңды өкілімен бірге үйіне қайтаруға құқылы.
- Жұмыс уақыты және оқу сабақтарын ұйымдастыру
- Медреседе жұмыс тәртібі Медресе директоры бекіткен еңбек тәртібі Ережесімен анықталады. Жұмыс аптасының ұзақтығы – Қазақстан Республикасының еңбек заңдылығына сай жүргізіледі.
- Оқу сағаттары сабақ кестесіне сай Медресе директорының бекітуімен және жыл бойында директордың оқу ісі, тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларының реттеуімен өткізіледі.
- Академиялық сағаттардың ұзақтығы 45 минуттан 6 немесе 8 сағатты (төрт немесе үш парды) қамтиды. Сабақ арасындағы үзіліс ұзақтығы 5-15 минуттан кем емес.
- Оқу жылындағы оқу апталары мен демалыстардың нақты мерзімдері Медресе директорының оқу жылының басталуы туралы бұйрығы бойынша бекітіледі.
- Әкімшілік басқарушылық қызметкерлер үшін мынадай жұмыс тәртібі белгіленеді:
- жұмыстың басталуы сағат 8.00-де;
- жұмыстың аяқталуы сағат 17.00-де;
- түскі үзіліс – сағат 13.00-ден 14.00-ке дейін.
- Педагогикалық қызметкерлер мен студенттер үшін оқу күнінің тәртібі келесідей болып белгіленеді:
- оқу күні таңертеңгі таңғы намаз уақытынан лауазымға арналған кезекші топты орналастырудан басталады;
- оқытушылар кабинетті желдетіп, сабаққа дайындалу үшін сағат 08.00-ден 08.15-ке дейін.
- сапқа тұру, таңғы ленейканы ұйымдастыру кезеңі сағат 8.15;
- сабақтың басталу уақыты 8.30;
- Сабаққа арналған қоңырау кестесі:
1-пар 8:30-10:00.
2- пар 10:10-11:40
3-пар 11:55-13: 25.
4- пар 14:30-16:00.
-
- Толық оқу жылына арналған каникулдың ұзақтығы 11 аптаға, оның ішінде қысқы кезең 2 аптадан кем емес болып анықталады.
- Медреседегі оқу сабақтары Медресенің директоры бекіткен және оқу бөлімінің меңгерушісі семестрге дайындаған сабақ кестесіне сәйкес жүргізіледі.
- Оқытушылар семестрде аптасына кем дегенде, 2 сағат кесте бойынша қосымша сабақ жүргізеді. Сессия барысында консультациялар Медресенің директоры бекіткен және оқу бөлімінің меңгерушісі дайындаған сабақ кестесіне сәйкес жүргізіледі.
- Әрбір оқу топтарында белгіленген түрде оқу және өндірістік оқу журналы болады. Журналдар оқу бөлімінде меңгеруші мен хатшының бақылауымен сақталады және сабақтың алдында тікелей оқытушыларға ғана беріледі.
- Сырттан келгендер директордың немесе директордың оқу ісінің орынбасарының рұқсатынсыз сабаққа жіберілмейді.
- Әр оқытушының жұмысының басталуы - сабақтың басталуына 15 минут бұрын. Оқытушы таңертеңгі линейкаға бірінші сабақ болатын топпен бірге қатысады.
- Күнделікті сабақтан кейін куратор Медреседе болмаған оқушының жоқтығын жазып және ақпаратты бөлім меңгерушісіне береді. Медресе әкімшілігінің рұқсатынсыз оқушыларды түрлі іс-шараларға (жаттығуларға, жарыстарға) жіберуге қатаң тыйым салынады.
- Теориялық оқу журналына өзгертулер мен толықтырулар, атап айтқанда: студенттерді қабылдау және шығару, тек директордың оқу ісі бойынша орынбасарының нұсқауы бойынша топ кураторы тарапынан ғана жасалады.
- Теориялық оқу журналындағы бағаларды түзетуге рұқсат етілмейді. Егер бұл нұсқаулықты оқытушы бұзса, түсініктеме жазады, ескерту жасалады. Қайталанған жағдайда – сөгіс беріледі. Теориялық оқыту журналдарын толтыру және жүргізу Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
- Барлық оқытушылар бағаны уақытылы теориялық оқу журналына қоюы керек.
- Семестрде студенттерді алдын-ала аттестаттау семестрдің аяқталуына 7 күн бұрын жүргізіледі.
- Медресе әкімшілігінің рұқсатынсыз оқытушылардың келісімі бойынша сабақты алмастыруға қатаң тыйым салынады.
- Барлық сыныптан іс-шаралар директордың бекітуімен, жоспар бойынша өткізіледі. Жалпы Медреседегі іс-шараларды өткізу кезінде кезекші топ кураторларының болуы міндетті болып табылады. Қалған басқа кезекші қызметкерлер – кесте бойынша.
- Экскурсияларға, жорықтарға, кинотеатрлар мен театрларға, көрмелерге оқушылармен бару және т.б. директордың бұйрығымен және қауіпсіздік ережесі бойынша нұсқау бергеннен кейін ғана рұқсат етіледі.
- Оқу үрдісінде денсаулық сақтау технологияларын енгізу, студенттердің денсаулығын сақтау және нығайтуда Медресе директорымен бекітілген жоспар бойынша ай сайын денсаулық күндерін өткізеді.
- Медреседе, сондай-ақ одан тыс жерлерде іс-шаралар өткізуде студенттердің өмірі мен денсаулығына оқу бөлімінің бұйрығымен немесе директордың бұйрығымен тағайындалған оқытушы, тәрбиеші немесе Медресенің кез-келген қызметкері жауапты болып табылады.
- Сабақта ұялы телефон қолдануға рұқсат етілмейді. Жатақханаға орналасатын студенттер сенбі және жексенбі күндері ұялы телефонды еркін қолдана алады. Мұнан басқа күндерде сабақтан тыс уақыттарда ұялы телефон қолдану тек кураторының келісімімен ғана рұқсат беріледі. Студент ережені бұзған жағдайда педагогикалық қызметкер техникалық құрылғыны алып қоюға құқылы. Осы талаптар бірнеше рет бұзылған жағдайда техникалық құрылғы студенттің заңды өкіліне ғана қайтарылады.
- Сабақ аяқталмай студенттерді Медреседен шығаруға тиым салынады.
- Ауырған студенттерді сабақтан босату – дәрігердің анықтамалық немесе кезекші ұстаз бен тәрбиешінің жазба рұқсатымен немесе бөлім меңгерушісінің рұқсатымен жіберіледі.
- Жазғы немесе қысқы демалыс кезінде, еңбек демалысына бармаған оқытушылар Медресе директорының әдістемелік жұмысына, оқу-тәрбие үдерісін жоспарлауға және студенттерді оқытуға және тәрбиелеуге байланысты басқа жұмыстарға, жаңа оқу жылына немесе семестрге дайындығына шақырылады және оған қатысады.
- Егер ауру немесе басқа себептер бойынша жұмысқа шықпаған жағдайда оқытушылар сабаққа дейін директордың оқу ісі бойынша орынбасарына немесе оқу бөлімінің меңгерушісіне хабарлауы тиіс. Оқу бөлімінің меңгерушісі, директордың оқу ісінің орынбасары немесе бөлім меңгерушілері жоқ оқытушының орнын ауыстыру үшін барлық шараларды қабылдауы тиіс және студенттерге хабардар етуге міндетті.
- Кезекті жылдық демалыс беру тәртібін әкімшілік кәсіподақ комитетімен келісе отырып белгілейді. Демалыс кестесі ағымдағы оқу жылының 1 маусымына дейін жасалады және Медресенің барлық қызметкерлеріне жарияланады.
- Қашықтықтан оқыту кезеңіне арналған шарттар: «Білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарда коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі шараларды күшейту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 14.03.2020 жылғы № 108 бұйрығына сәйкес пандемия кезеңінде оқу сабақтары қашықтықтан жүргізіледі.
- Білім беру процесін оқыту және өзара іс-қимылды (сондай-ақ бақылауды) жүзеге асыру үшін «ZOOM» қашықтықтан оқыту жүйесі, Интернет желісі, WhatsApp, электрондық пошта және ұтқыр байланыс пайдаланылады.
- Сабақ басталысымен Медресенің барлық оқу орындарында және оған іргелес жатқан үй-жайларында тыныштық пен тәртіп қамтамасыз етілуі тиіс.
- ТӘРБИЕЛІК ПРОЦЕСТІ ұйымдастыру
- Медреседегі тәрбие бағдарламалары оқу процесінің құрамдас бөлігі болып табылады және патриотизмді, азаматтықты, имандылықты, интернационализмді, жоғары мораль мен адамгершілікті қалыптастыруға, сондай-ақ білім алушылардың ұлттық құндылықтарын, жан-жақты мүдделері мен қабілеттерін дамытуға бағытталған.
- Медресенің тәрбие міндеттерін Медресе әкімшілігі, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары және оқытушылар құрамы білім алушылар мен жұмыскерлердің бірлескен оқу, ғылыми, өндірістік және қоғамдық қызметі барысында шешеді.
- Медреседе білім алушы мен ұжымның дамуында жас және ұлттық, салттық ерекшеліктерді ескеруі, ерекше сыйластық орын алуы және «Ұстаз», «Шәкірт», «Сіз» деген әдептілік этика нормасы сақталуы тиіс.
- Әрбiр топта директордың өкiмiмен топтың пiкiрiн ескере отырып немесе топ ұжымы старостаның сайлау нәтижелерi бойынша неғұрлым үлгерiмдi және тәртiптi бiлiм алушылар қатарынан староста тағайындалады. Топ старостасы топтың тікелей кураторына бағынады, өз тобының білім алушыларына оның барлық өкімдері мен нұсқауларын үлестіреді.
- Топ старостасының міндетіне:
- Белгіленген нысандағы журналда білім алушылардың оқу сабақтарының барлық түрлеріне қатысуын дербес есепке алу;
- Білім алушылардың сабаққа келмеуі немесе кешікпеуі туралы топтың кураторына келмеу, кешігу себептерін көрсете отырып апта сайынғы есепті ұсыну;
- Дәрістер мен практикалық сабақтардағы, семинарлардағы, зертханалық сабақтардағы топтағы оқу пәнінің жай-күйін, сондай-ақ оқу жабдығы мен құрал-саймандардың сақталуын бақылау;
- Топтың білім алушыларының оқу әдебиетін уақтылы алуын ұйымдастыру;
- Білім алушыларды сабақ кестесіне енгізілетін өзгерістер туралы хабардар ету;
- Сынақ кітапшаларын, студенттік билеттерді, орташа балл туралы деректерді тексеру және рәсімдеу кезінде Медресе әкімшілігіне көмек көрсету;
- Куратор, Медресе әкімшілігі өткізетін отырыстар мен кеңестерге қатысу;
- Топ білім алушыларының оқу, ғылыми, қоғамдық өмірін жақсарту үшін Медресе әкімшілігімен, академиялық топтардың кураторларымен, студенттік өзін-өзі басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасау;
- Білім алушыларды мәдени-бұқаралық, дене шынықтыру-сауықтыру және басқа да іс-шараларды өткізуді және қатысуды ұйымдастыру.
- Топ старостасының:
- Медресе әкімшілігіне топтың білім алушыларын көтермелеу не оларға жаза қолдану туралы ұсыныстар енгізуге;
- Білім алушылардың оқыту үшін жеңілдіктер алуға топтың білім алушыларын ауыстыру туралы өтініш жасауға;
- Топ старостасының қызметін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар енгізуге;
- Топ кураторына, Медресе әкімшілігіне, студенттік өзін-өзі басқару органдарына оқу-тәрбие процесін, қоғамдық тамақтануды, медициналық қызмет көрсетуді жетілдіру бойынша ұсыныстармен және басқа да ұсыныстармен жүгінуге;
- Топ кураторынан, Медресе әкімшілігінен, студенттік өзін-өзі басқару органдарынан өз міндеттерін орындау үшін қажетті ақпарат пен жәрдем алуға;
- Осы Ережеде және Медресенің басқа да ішкі нормативтік құжаттарында белгіленген тәртіппен моральдық және материалдық көтермеленуге құқығы бар.
- Міндеттерді жүйелі түрде орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін староста осы міндеттерден босатылады, осы Ережеде көзделген тәртіптік ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкін. Медресе әкімшілігі осындай шешім қабылдау кезінде, сондай-ақ жаңа старостаны тағайындау кезінде академиялық топтың пікірін ескеру қажет.
- Білім алушының негізгі құжаттары студенттік билет және сынақ кітапшасы болып табылады. Білім алушы өзімен бірге студенттік билетін алып жүруге және Медресе әкімшілігінің өтініші бойынша оны көрсетуге міндетті.
- Медресе қызметкерлерінің кезекшілік кестесі жасалады және директор бұйрығымен бекітіледі.
- Жауапкершілікті қамтамасыз ету мақсатында кезекші оқытушы басшылығымен старостаның жетекшілігінде кезекші топ құрылады.
- Студенттерді күнделікті сабақтан бұрын кіреберісте кезекші оқытушы қарсы алады.
- Сабақ кезінде оқытушылар қабаттарда, асханада, Медресе аумағында және Медресе аймағынан тыс жерлерде (жеке кесте бойынша) кезекшілікке түседі және студенттердің тәртіптерін қамтамасыз етеді.
- Кезекші оқытушылар мен тәрбиешілер студенттердің тәртібіне, өміріне және денсаулығына жауап береді.
- Медресенің ішкі бөлмелеріне, дәліздеріне, дәретханаларына және сыртқы ауласына қоқыс тастауға қатаң тыйым салынады.
- Кезекші топтардың міндеттері:
- студенттердің тәртіптерін қадағалау;
- санитарлық жағдайын бақылау,
- Медресе мүліктерін сақтау;
- әрбір үзілісте тазалыққа қарау;
- күнделікті тазалықпен қамтамасыз ету;
- студенттердің тамақтануын ұйымдастыру;
- асхана тәртіптерін қадағалау;
- кезекші топтың кураторы кезекші оқытушымен бірлесіп, Медресе білім алушыларының сабаққа қатысуын дер кезінде журналға жазу арқылы қадағалау;
- Кезекшілікті қабылдау-өткізуді кезекші оқытушы (студенттердің тәртіп бұзу фактілері, оқытушылардың еңбек тәртібін бұзуы, мүлікке зиян келтіру және т.б.) қажетті жазбаларды кезекшілік журналына жазып жүргізеді.
- Кабинеттерді және тағайындалған аумақтарды жалпы тазалау (генеральная уборка) әр айда екі рет сенбі күндері өткізіледі. Оны жүргізу жауапкершілігі жатақхана және шаруашылық меңгерушісі мен тәрбиешіге жүктеледі.
- Соңғы сабақта (парда) оқытушы кабинеттің тазалығын қадағалайды. Кабинетті тазалатып, жауып, кілтті оқу бөліміне тапсырады.
- Барлық оқытушылар жыл бойы сабақ өткізу арасында оқу кабинетін қабылдау мен тапсыруды жазбаша қамтамасыз етеді. Оқу кабинеті мен онда орналасқан мүлікті сақтау үшін осы бөлмеде жұмыс істейтін кураторға толық жауапкершілік жүктеледі (материалдықты қоса алғанда).
- Медресенің ішкі тәртіп ережесінің күнделікті орындалуын бақылау кезекші педагогтар мен тәрбиешілерге жүктеледі.
- Студент сабаққа таза, үтіктелген Медресенің бірыңғай киім үлгісімен қатыстырылады.
- Сырт киімдер жеке арнайы шкафтарға қалдырылады және қажет болған жағдайда аяқ киім ауыстырады.
- Студенттердің сабақ уақыты тек оқу мақсаты үшін жұмсалуы тиіс.
- Сабақ кезінде оқытушының рұқсатынсыз сыныптан шығуға болмайды. Қажет жағдайда студент педагогикалық қызметкерден рұқсат сұрайды.
- Сабақ аяқталуы туралы қоңырау мұғалім үшін соғылады. Тек мұғалім сабақтың аяқталуы туралы хабарлағаннан кейін ғана студенттерге сыныптан шығуға рұқсат етіледі.
- Үзіліс кезіндегі өзге адамдардың демалуына кедергі жасауға, қатты сөйлеуге, дауыс көтеріп сөйлесуге, айқайлауға, шу көтеруге рұқсат етілмейді.
- Медресенің бекітілген жұмыс тәртібі бойынша тамақтану тек арнайы орындарда ғана рұқсат етіледі.
- Студенттер тамақтанар алдында және соңында қолдарын мұқият жуады. Асханада тазалықты сақтайды, өзінен кейін үстелді жинап, қоқысты стөл үстінде қалдырмай, жерге төкпей арнайы орынға тастайды. Асхана ережесі мен қызметкерлерінің талаптарын орындайды.
- Студенттер Медреседе және Медреседен тыс жерлерде жоғары мәдениет иеленушілері болып табылады және жергілікті дәстүрлерді, тарихи және мәдени ескерткіштерді құрмет тұтады, табиғатқа, жеке және Медресе мүліктеріне ұқыпты қарайды.
- Мекеме оқытушылары мен студенттері Қазақстан Республикасы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңын сақтай отырып, Ханафи бағытындағы исламның халықтық мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін таниды және ұстанады.
- Медресе әкімшілігінің құқықтары мен міндеттері
- Медресе әкімшілігі құқылы:
- Оқу орнының дамуының негізгі бағыттарын, оның құрылымын айқындау, штат кестесін бекіту, лауазымдық міндеттерін анықтау.
- Ұжымның алдында перспективті және ағымдағы жұмыстардың мақсаты, нәтижелерді қадағалау .
- Медресенің мүдделерін оқу ұйымдарының және оқу мекемелері басқармаларының алдында қорғау.
- Медресе Жарғысын белгіленген тәртіппен әзірлеу және бекітуге ұсыну.
- Қызметкерлер мен студенттерге арналған бірыңғай талаптарды әзірлеу және бекіту.
- Барлық қызметкерлерден өз міндеттерін, бұйрықтарын және тапсырмаларын мұқият және нақты орындауды талап ету.
- Қызметкерлердің жалақысы мен қызметкерлердің лауазымдық жалақысын өз қаражаттары есебінен тағайындау.
- Үстеме және қосымша жалақыны қызметкерлердің лауазымдық айлығына, тәртіппен және мөлшер бойынша марапатты белгілеу.
- Педагогикалық жүктеменің деңгейін жоғарылату немесе азайту үшін аттестаттау комиссиясына олардың кәсіби деңгейінің жарамдылығы дәрежесін анықтайтын оқытушылардың, қызметкерлердің жұмысын бағалау.
- Қызметкерлерді министрліктің құрметті грамоталары және мемлекеттік наградалармен, құрметті атақтармен марапаттау үшін жоғары ұйымдарға материалдар ұсыну. Өз істеріне жауапты қызметкерлерді қатыстыру, марапаттау.
- Медресеге сеніп тапсырылған мүлік, қаржы, ғимараттарына иелік ету.
- Қызметкерлер және студенттер Медресенің сеніп тапсырылған заттарына материалдық жауапты, ал кейбір жағдайларда Медресенің мүліктері, ғимараттар мен құрылыстарының бүлінуіне байлысты әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тарту.
- Басқа ұйымдар мен мекемелерге және жеке азаматтарға қатысты заңды тұлға ретінде әрекет ету.
- Ақшалай қарызды өтеуді қамтамасыз ету үшін Медресе студентіне білім беру туралы түпнұсқалық құжаттарды берешекті толық өтегенге дейін бермеуге құқылы.
- Медресе әкімшілігі міндетті:
- Оқытушылар мен қызметкерлердің еңбектерін қызметтік нұсқауларға және осы ережелерге сәйкес ұйымдастыру.
- Нормативтік талаптарға сәйкес материалдық-техникалық жабдықтар пен құрал-жабдықтарды қамтамасыз ету.
- Оқу үрдісін жүргізу үшін еңбек және оқу қауіпсіздігі шарттары, бөлменің жарамсыз жағдайы, жылыту, жарықтандыру, желдеткіш, құрал-жабдықтар, жабдықтар, қажетті материалдардың болуы, құралдармен және ыңғайлы үдерісті жүргізуді қамтамасыз ету.
- Студенттерді қабылдау жоспарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету.
- Оқытушыларға, өндірістік оқыту шеберлеріне біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету. Біліктілікті арттыру және кәсіби дағдыларды жетілдіру үшін жағдай жасау.
- Мәдени-тәрбиелік, жаппай-денешынықтыру және сауықтыру жұмыстарына қажетті жағдай жасау. Ұрлық, нашақорлық, СПИД, маскүнемдік, алкоголизм және темекі шегудің алдын алуда шараларды әзірлеу және іске асыру. Есірткіге тәуелділікті, токсикомания және маскүнемдікті тудыратын себептер мен жағдайларды анықтау және жою үшін шараларды қолдану.
- Оқу жоспарларының орындалуын оқу сабақтарының кестесін, емтихандар, сынақтар, консультациялардың іске асырылуын қадағалау.
- Білімді және қызметкерлер мен студенттерден нұсқаулықтар және қауіпсіздік техникасы ережесін талап ету, өндірістік тазалық пен еңбек гигиенасы, сонымен қатар өрт қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын үнемі қадағалап отыру.
- Студенттердің жекелеген санаттарына жеңілдіктер мен материалдық көмек көрсетуді уақтылы қамтамасыз ету.
- Медресе оқытушылары мен қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері
- Медресенің педагогикалық қызметкері құқылы:
- Кәсіби қызмет үшін жағдай жасау.
- Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттың сақталуы шартымен педагогикалық қызметті ұйымдастырудың тәсілдері мен формаларын еркін таңдау.
- Ғылыми-практикалық зерттеулер тақырыбын еркін таңдау және оның нәтижелерін педагогикалық тәжірибеде қолдану.
- Медресе басқару органдарының жұмысына қатысу.
- Бес жылда бір рет жұмысты үзбей немесе жұмыстан қалып біліктілігін арттыру.
- Қызметтік өсу, санатты жоғарлату мақсатымен аттестациядан ерте өту.
- Педагог қызметкерлер мен өндірістік оқыту шеберлері үшін ақылы демалыс 56 күнтізбелік күн.
- Жеке педагогикалық қызметке.
- Кәсіби ар мен қадір-қасиетін қорғау.
- Медресенің және оның қызметкерлерінің білім беру және экономикалық қызметінің көзі болып табылатын материалдық активтер (ғылыми, әдістемелік еңбектер,патенттер,бағдарламалық қамтамасыз ету,білім беру және ақпараттық технологиялар және басқалар) түрінде зияткерлік меншік нысандарының басқа түрлерімен бірге қорғау.
- Педагогикалық қызметтер табысы үшін материалдық және моральдық көтермелеу, ордендер мен медальдармен марапаттау, құрметті атақтар, белгілер мен мадақтамалар.
- Медресе директорының жазбаша рұқсатымен 0,75 -тен кем емес педагогикалық жүктемемен қосарлау жұмысқа тартылу.
- Педагогикалық қызметкерлер міндетті:
- Білім мен тәрбие алушылар Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарында көзделген деңгейден төмен емес білім, дағдылар мен шеберлікке ие болуын қамтамасыз ету.
- Студенттердің жеке және шығармашылық қабілеттерін дамытуды анықтау және жәрдем беру.
- Өзін-өзі тануды қоса алғанда, өз біліктілігін жоғарлату.
- Педагогикалық этика нормасын сақтау.
- Студенттердің ар-намысын құрметтеу. Медресенің ар-намысы мен іскерлік беделін құрметтеу, өз беделін түсіретін ақпаратты таратпау.
- Салауатты өмір салтын ұстап, оны студенттер арасында насихаттау
- Студенттердің ғылыми-техникалық шығармашылығын ұйымдастыру және әдістемелік басшылықты жүзеге асыру.
- Кәсіби бағдар жұмысын жүргізу.
- Ең жақсы жұмыс тәжірибесін, өз Медресе мұғалімдерінің, сондай-ақ басқа да облыстық, республикалық оқу орындарының мұғалімдер тәжірибесін оқу.
- Республикалық, қалалық, аудандық, Медресешілік іс-шараларға белсене қатысу.
- Студенттердің үлгермеушілік себептерін анықтап, олардың білімдеріндегі кемшіліктерін жоюға және оқу орнына бейімделуге көмектесу.
- Студенттердің ата-аналарымен тығыз байланыста болу.
- Студенттер контингентін сақтау бойынша тұрақты жұмыс жүргізу.
- Бітірушілердің жұмыспен қамтылуын және біліктілігін арттыруды бақылау.
- Студенттердің құқтары мен міндеттері
- Медресе студенттері құқылы:
- Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес білім алу.
- Оқу жоспарларына сәйкес, олардың бейімділігі мен қажеттіліктеріне сәйкес білім, қосымша білім алу қызметтеріне.
- Медресенің басқару жұмысына.
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің тәртібі бойынша оқулықтармен қамтамасыз ету, кітапхананың ақпараттық ресурстарын, интернет класын тегін пайдалану.
- Өз пікірі мен сенімдерін еркін білдіру, өзінің адамгершілік қадірін құрметтеу.
- Оқу, ғылыми және шығармашылық жұмыс табыстары үшін көтермелеу және марапаттау.
- Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шұғыл әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру.
- Оқуға қабылданған студенттерге Медресе жатақханасынан орын беріледі.
- Әкімшіліктен оқу үшін қажетті жағдайларды, оқу жоспарлары мен бағдарламаларды толық орындау, мұғалімдерден - сабақтарды білікті жүргізу.
- Техникалық шығармашылықпен айналысу, өнер саласында өз таланттарын ашу, бос уақытты және физикалық дамуларды ұйымдастыру, асхана, спорт залы қызметтерін пайдалану.
- Студенттердің жекеленген санаттары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де жеңілдіктермен қамтамасыз етіледі.
- Медресе студенттері міндетті:
- Білім берудің жалпы білім беру стандарттарының көлемінде білім, дағдылар және практикалық дағдыларды игеру, ішкі нормативтік ережелерді сақтау.
- Өз денсаулығына қамқорлық жасау, рухани және физикалық жақсартуға ұмтылу.
- Медресеге сабақ басталуына дейін 15 минут ерте келу.
- Оқытушының аудиторияға кіруі кезінде құрметтеп орнынан тұру.
- Сабаққа қатыспаған жағдайда бөлім меңгерушісіне немесе кураторға, 3 күнтізбелік күн ішінде сабаққа келмеу себептерін растайтын құжаттарды ұсыну.
- Зертханалық және практикалық жұмыстарды жүргізуде өрт қауіпсіздігін,өндірістік санитарияны,техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтауға, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау.
- Қоғамдық тәртіпті сақтау.
- Оқу пәнін қатаң сақтау: а) сабақ кезінде оқытушының рұқсатынсыз орнынан тұруға, дәрісханадан шығуға және жүруге болмайды; б) мұғалімнің келісімінсіз сабақта аудио және видео жазу құрылғыларын қолдануға болмайды;
- Жатақханада тұру ережелері мен қағидаларын сақтау.
- Медреседе орнатылған киім үлгісін сақтау.
- Қатаң тыйым салынады:
- Темекі шегу;
- Нормативтік емес лексиканы қолдану;
- Медресеге улы, есірткі заттарын, насвай, кальян, газ тәрізді, кез-келген қаруды, арнайы және кәсіпқой өндірістік пиротехникалық құрылғыларын әкелу;
- Алкогольді ішімдіктер, энергетикалық сусындар, есірткілер, насвай пайдалану;
- Басқа студенттер мен қызметкерлерге физикалық күш қолдану;
- Өзгелердің ар-намысы мен қадірін қорлау;
- Өзге студенттерден жеке заттары мен ақшаларын тартып алу;
- Құмар ойындарға қатысу;
- Арнайы қызметтерге жалған қоңырау шалу;
- Оқу-тәрбие үрдісіне қатысы жоқ, бөтен тұлғаларды Медресеге әкелуге;
- Оқу үрдісінің кез келген қатысушысына және басқа Медресе қызметкерлеріне физикалық, психологиялық әсер ету;
- Оқуға Медресе үлгісіндегі киімсіз, іскерлік стильге сай келмейтін, лас, үтіктелмеген киіммен келу;
- Түрлі фанаттық қозғалыстарға, кез келген партияларға, діни ағымдарға және т.б топтарға жататындықтарын ашық түрде жариялау;
- Қабылданған этикалық мінез-құлық нормаларын бұзу.
- Студенттердің заңды қамқоршылары немесе ата-аналарының құқықтары мен міндеттері
- Ата-аналары (заңды қамқоршылары) құқылы:
- Білім беру және оқу орындарының нысанын таңдау; бұл үшін демалыс кезінде Медресе директорына жазбаша өтініш білдіруі қажет;
- Баланың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау;
- Ата-аналар студент бағасын алғаннан кейін үш күннен кешіктірмей, бағалауына келіспеу туралы өтініш беруге құқылы;
- Ата-ана мен мұғалім арасындағы бағалаудың объективтілігі туралы қайшылықтар туындаған жағдайда, директордың бұйрығымен тәуелсіз мамандар комиссиясы (әдіскердің қатысуымен) құрылады, олар студенттің білімін тексереді және тиісті баға қояды;
- Педагогикалық кеңестерге қатысу және олардың баласының жетістіктері мен мінез-құлқы туралы мәселе бойынша талқылауға қатысу;
- Медресе басқаруына қатысу, яғни жалпы Медресенің ата-аналар комитетіне сайлау және қамқоршылар кеңесіне сайлануға. Жалпы Медресенің және ата-аналар жиналысында өз пікірін білдіру және қатысу;
- Оқу үдерісінің жүрісі мен мазмұны, студенттің үлгерім бағаларымен танысу:
- Медресе директоры немесе директордың оқу ісі бойынша орынбасарының рұқсатымен және сабақ жүргізетін мұғалімнің келісімімен, жасөспірім оқитын топтағы мұғалімдердің сабақтарына қатысу;
- Оқушының үлгерім бағаларымен танысу;
- Медресенің дамуына ерікті қайырымдылықтар мен мақсатты жарналар беру;
- Медресені қорғау және оны күтіп-ұстау үшін ерікті жарналар жасау қажеттілігі туралы шешім қабылдайды.
- Ата-аналар (заңды қамқоршылар) жауапты болуға міндетті
- Балаларын тәрбиелеу және олардың орта арнайы білім алуы;
- Педагогикалық кеңестің шешімі бойынша белгіленген мерзімде оқушыларға «шартты түрде» келесі курсқа ауысқан жағдайда академиялық қарызды жою;
- Медресе жарғысын орындау, Медресе ережесін сақтау;
- Медресенің ата-аналар жиналысына қатысу.
- Студенттерді ынталандыру
- Үздік, жақсы үлгерім көрсеткіштері мен Медресе өміріне белсене қатысқаны үшін ынталандыру, еңбекке ынталы студенттерді жігерлендіруге болады:
- алғыс жариялау;
- дипломмен марапаттау;
- мадақтама қағазбен немесе құрмет грамотасымен;
- бағалы сыйлықпен марапаттау;
- сыйақы төлеу;
- ата-аналарына алғыс хат жолдау;
- оқуға ақы төлеу бойынша жеңілдік беру;
- жоғары оқу орнына түсу үшін ұсынымдар;
- білім алушының фотосуретін құрмет тақтасына орналастыру.
- Білім алушыларға көтермелеу шараларын қолдану тәртібі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен және Медресенің ішкі нормативтік актілерімен айқындалады.
- Көтермелеу бөлімше меңгерушілерінің ұсынысы бойынша директордың бұйрығымен жарияланады және жиналыста білім алушылардың назарына жеткізіледі. Бұйрықтың көшірмесі немесе көтермелеу туралы бұйрықтан үзінді білім алушының жеке ісінде/жеке карточкасында сақталады.
- Ғылыми зерттеу жұмыстарында, спорттық, мәдени-бұқаралық, қоғамдық жұмыстарда жетістіктері бар үздік үлгерген білім алушылардың ата-аналарына Медресе директорының алғыс хаттары жіберіледі.
- БІЛІМ АЛУШЫЛАРДЫҢ ОҚУ ТӘРТІБІН БҰЗҒАНЫ ҮШІН
ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
-
- Осы Ереженің мақсаттарына қол жеткізу үшін «тәртіптік теріс қылық» деп білім алушының білім беру процесін реттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, Медресе Жарғысында, осы Ережеде және білім беру қызметтерін көрсету шартында көзделген міндеттерді орындамағаны және тиісінше орындамағаны туралы білдірген оқу тәртібін бұзуы түсініледі.
- Тәртіптік теріс қылығы үшін білім алушыларға тәртіптік жазалардың мынадай түрлері қолданылады:
- ескерту;
- сөгіс;
- қатаң сөгіс;
- Медреседен шығару.
- Білім алушыларға осы Ережеде көзделмеген жазаны қолдануға жол берілмейді.
- Осы Ережеде көзделген тәртіптік жазалардың түрлерін қолдану білім алушылардың білім алу процесінің сапасын, оқу тәртібінің деңгейін арттыру мақсатында енгізіледі.
- Тәртіптік жазалау шарасын қолдану және таңдау құқығы Медресенің директорына, тиісті бейіні бойынша директордың орынбасарларына, тәртіп бұзушыға бұрын қолданылған тәртіптік жазалау шараларын, тәртіп бұзушының кінәлілік дәрежесін, оның оқуға көзқарасын ескере отырып, сондай-ақ бұзуға себеп болған мән-жайларды және жасалған жағдайларды ескере отырып, топ жетекшісіне тиесілі.
- Тәртіптік жазаларды қолдану және шағымдану тәртібі.
- «Ескерту» нысанындағы тәртіптік жазаны директордың орынбасарлары ауызша нысанда жариялайды.
- «Сөгіс» және «қатаң сөгіс» нысанындағы тәртіптік жаза Медресе директорының тиісті бұйрығын шығару жолымен қолданылады.
- «Медреседен шығару» нысанында тәртіптік жаза қолдану құқығы Педагогикалық кеңестің, директораттың, аттестаттау комиссиясының шешімдеріне жатады, соның негізінде Медресе директорының бұйрығы шығарылады.
- Әрбір тәртіптік теріс қылық үшін білім алушыға бір ғана тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін.
- Білім алушы «ескерту» немесе «сөгіс» сияқты тәртіптік жаза түрін қолдануға жататын тәртіптік теріс қылық жасаған жағдайда, топ жетекшісі білім алушының аты-жөнін, оқу курсын, мамандығын, білім алушы жасаған бұзушылықтың мәнін, ұсынылған жазаның түрін және оны қолданудың негіздемесін көрсете отырып, директордың атына баянат береді.
- Баяндамаға (баянатқа) білім алушының (білім алушылардың) тәртіптік теріс қылық жасау фактісін растайтын құжаттар қоса берілуге тиіс, оларға:
- білім алушылардың, Медресе жұмыскерлерінің өздеріне белгілі, тәртіптік жаза қолдану туралы мәселені қарау үшін маңызы бар мән-жайлар туралы түсініктемелері;
- тәртіптік жаза қолдану туралы мәселені қарау үшін маңызы бар мән-жайлар туралы мәліметтерді қамтитын актілер, құжаттар, хаттар;
- компьютерлік ақпаратты, фото, аудио және бейнежазбаларды қамтитын материалдар жатады.
-
- Материалдарды топ жетекшісі директордың және директордың тиісті курация бейіні бойынша орынбасарының қарауына бір мезгілде баянатпен ұсынады.
- Білім алушыға тәртіптік жаза қолданылғанға дейін Медресе әкімшілігі білім алушының жол берген бұзушылығының мәні бойынша жазбаша түсініктемесін талап етуге міндетті. Білім алушының жазбаша түсініктеме беруден бас тартуы, сол сияқты оның сабақта болмауы немесе Медресе әкімшілігінің шақыруы бойынша келмеуі себебінен жазбаша түсініктеме бермеуі тәртіптік жаза қолдануға кедергі бола алмайды. Білім алушы көрсетілген түсініктемені беруден бас тартқан жағдайда, Медресе әкімшілігі ұйымдастырған комиссия тиісті акт жасайды. Комиссия құрамында Медресе әкімшілігі жұмыскерлері мен оқытушылар қатарынан кемінде үш адам ұйымдастырылады. Комиссия құрамына тәртіптік теріс қылық жасаған білім алушы саналатын топтың білім алушылары енгізілуі мүмкін. Білім алушыдан сабақта болмауы немесе Медресе әкімшілігінің шақыруы бойынша келмеуі себебінен жазбаша түсініктеме талап ету мүмкін болмаған жағдайда, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген тәртіппен тиісті акт жасалады.
- Қажет болған жағдайларда Медресе әкімшілігі құқық қорғау органдарына жүгіне отырып, бұзушылық мән-жайларына қызметтік тексеру жүргізуге құқылы.
- Білім алушылардың теріс қылықтар (ұрлық, қарақшылық, адам денсаулығына зиян келтіру, пара беру, құжаттарды жалған жасау және т.б.) жасау фактілері анықталған кезде топ жетекшісі құқық қорғау органдарына жүгіну туралы шешім қабылдау үшін жетекшілік ететін директордың орынбасарын дереу хабардар етуге міндетті.
- Білім алушыға тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрық:
- білім алушының еңбекке уақытша жарамсыздығы;
- демалыс;
- білім алушының академиялық демалыста болуы кезінде шығарылмайды.
- Тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрық шығарылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тәртіптік жазаға тартылған білім алушыға (білім алушының кәмелетке толмаған кезінде ата-анасына немесе қорғаншыларына) қол қойғызып жарияланады. Білім алушы өз қолымен растаудан бас тартқан жағдайда, бұйрықпен танысу тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрыққа тиісті жазба жасалады.
- Білім алушы тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен келіспеген жағдайда, білім алушы осы бұйрыққа Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында және осы Ережеде белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.
- Бұйрықтың көшірмесі немесе тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтан үзінді білім алушының жеке ісінде (жеке карточкасында) сақталады.
- Тәртіптік жазаны қолдану білім алушыға Медресеге келтірілген залалды өтеу міндетін жүктеуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында тыйым салынбаған басқа да материалдық немесе моральдық ықпал ету шараларын қолдануға кедергі болмайды.
- Тәртіптік жаза теріс қылық анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады.
- Сабақтарды дәлелсіз себептермен өткізкендігі үшін тәртіптік жазалар қолданылады. Білім алушылар оқу сабақтарын дәлелсіз себептермен бір семестр ішінде жіберген жағдайда, Медреседе тәртіптік жазалардың мынадай түрлері қолданылады:
- ескерту – білім алушылар 18 және одан да көп академиялық сағат сабаққа келмей қалған кезде;
- сөгіс – білім алушылар 36 академиялық сағат сабаққа келмей қалған кезде;
- қатаң сөгіс – 42 академиялық сағат сабаққа келмей қалған кезде;
- Медреседен шығару – 56 академиялық сағат сабаққа келмей қалған кезде;
- Сабақты келмей қалудың дәлелді себептерін білім алушы тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрық шыққанға дейін құжатпен растауы тиіс. Егер Медресе әкімшілігі өзге шешім қабылдамаса, көрсетілген мерзімнен кейін білім алушы ұсынған құжаттар қарауға қабылданбайды.
- Егер білім алушы белгіленген мерзімде сабаққа келмей қалу себептерінің дәлелділігін растайтын құжаттарды ұсынбаса, онда оның түсініктемелеріне қарамастан, келмей қалу себебі дәлелсіз болып есептеледі.
- Білімге бақылау жүргізу кезінде академиялық нормалардың бұзылғаны үшін тәртіптік жазалар қолданылады.
- Ағымдағы аттестаттау, аралық аттестаттау, қорытынды мемлекеттік аттестаттау барысында кез келген нысандар мен түрлердің біліміне бақылау жүргізу кезінде білім алушы академиялық нормаларды бұзған жағдайда, Медреседе тәртіптік жазалардың мынадай түрлері қолданылады:
- қатаң сөгіс – білімді ағымдағы бақылаудың бір түрі бойынша, аралық аттестаттау кезеңінде не қорытынды мемлекеттік аттестаттау кезеңінде бұзушылықтар бірінші анықталған кезде;
- Медреседен шығару – ағымдағы білімді бақылаудың осы түрі бойынша бұзушылықтар қайтадан анықталған кезде не осы кезеңде аралық аттестаттау немесе қорытынды мемлекеттік аттестаттау, сондай-ақ деректердің жалған немесе қолдан жасалу фактілері анықталған жағдайда.
- Білім алушылардың академиялық нормаларды бұзуы деп:
- Көшіріп жазып алу. Осы Ереженің мақсаттары үшін есептен шығару деп білім алушылардың аудиториялық бақылаудан өту кезінде (емтихандарда, сынақтарда немесе өзге де міндетті аттестаттау іс-шараларында) оқытушы рұқсат етпеген кез келген жазбаша (баспа, қолжазба) көздерді пайдалануы, сондай-ақ техникалық байланыс құралдарын, білім алушының орындайтын тапсырмасының мәні бойынша ақпаратты рұқсатсыз алу үшін өзге де тәсілдерді пайдалануы түсініледі.
- Плагиат. Осы Ереженің мақсаттары үшін плагиат деп дереккөзге толық сілтемесіз қағаз немесе электрондық түрде жарияланған бөтен мәтінді жазбаша жұмыста пайдалану түсініледі.
- Жалған. Осы Ереженің мақсаттары үшін жалған деп білім алушылардың өз жұмысы ретінде толық немесе едәуір дәрежеде басқа тұлға орындаған міндетті жазбаша жұмысты (бақылау, курстық, дипломдық жұмысты және басқа жұмысты) тапсыруы (қорғауға ұсынуы) не өз жұмысын басқа адамға сыйақы үшін не өтеусіз беру түсініледі. Жалған деп сондай-ақ білімді аудиториялық бақылаудан өту кезінде аттестатталатын білім алушының жеке басына қатысты емтихан алушыны жаңылыстыру түсініледі.
- Жоғарыда көрсетілген академиялық нормалардың кез келген бұзылуы анықталған кезде оқытушы:
- Аттестатталушыға «қанағаттанарлықсыз» деген баға қоюға және оған ескерту жасауға міндетті;
- Келесі жұмыс күнінен кешіктірмей директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарының атына бұзушылық жасау мән-жайларын, бұзылу мәнін баяндай отырып, барлық белгіленген қатысушыларды көрсете отырып, қарыз алынған мәтіннің көлемі мен оның дереккөзін, сондай-ақ бұзушылыққа жол берген білім алушыға тәртіптік жазалау шараларын қолдану туралы мәселені шешу үшін елеулі маңызы бар басқа да деректерді көрсете отырып қызметтік жазба (баянат) беруге міндетті. Баянатқа білім алушы жұмысының немесе бұзылуы бар оның үзіндісінің көшірмесі қоса беріледі. Білім алушы жұмысының түпнұсқасы осы пән бойынша қайта тапсырудың ресми мерзімі аяқталғанға дейін осы пәнді қамтамасыз ететін бөлімшеде сақталады.
- Медресе білім алушыны оқуын аяқтағанға дейін мынадай негіздер бойынша Медреседен шығаруға құқылы:
- Білім алушының академиялық үлгермеушілігі үшін;
- Педагогикалық кеңестің шешімі бойынша;
- Аралық аттестаттау нәтижелері бойынша;
- Үш қанағаттанарлықсыз бағасы бар білім алушылар директордың бұйрығымен оған белгіленген үлгідегі анықтама бере отырып оқудан шығарылады.
- Білім алушыларға дәлелсіз себептермен бір семестр ішінде 56 академиялық сағат оқу сабақтарына келмей қалғаны үшін;
- Медресемен байланысын жоғалтқаны үшін. Яғни, білім алушы Медресеге сабақта болмау себептерінің дәлелді екендігі туралы жазбаша хабарлама бермесе, сабаққа қатыспау себептері мән-жайларға қарамастан, дәлелді емес деп есептеледі.
- Сабаққа келмей қалудың дәлелді себептерін білім алушы Медресеге келудің бірінші күні құжатпен растауы тиіс. Медресе білім алушының көрсетілген мерзімнен кейін берген құжаттары мен түсініктемелерін қабылдамауға құқылы.
- Білім алушы «Медресемен байланысын жоғалту» негіздемесі бойынша оқудан шығарылған кезде білім алушыға немесе оның заңды өкілдеріне білім алушының сабақта болмауы фактісі бойынша Түсініктемені телефон арқылы ауызша ескерту және Медресе директорының оқудан шығару туралы бұйрығы шығарылған күнге дейін 7 (жеті) жұмыс күнінен кешіктірмей жұмыскердің жеке карточкасында көрсетілген мекенжай бойынша жазбаша хабарлама жіберу арқылы ұсыну қажеттілігі туралы хабарлануы тиіс. Білім алушының жеке карточкасында көрсетілген телефон мен мекенжайдың білім алушының/заңды өкілінің нақты мекенжайы мен телефонына немесе өзге де себептерге сәйкес келмеуі себебінен білім алушының/заңды өкілдің осы хабарламаны алмауы білім алушыны оқудан шығаруға кедергі болмайды.
-
- Басқа білім беру ұйымына ауысуына байланысты. Білім алушы басқа білім беру ұйымына ауысуына байланысты оқудан шығарылған кезде білім алушы Медресе әкімшілігіне Медресе әкімшілігі ұсынған нысан бойынша басқа білім беру ұйымына ауысу туралы өтінішті уақтылы ұсынуы тиіс.
- Дәрігерлік-консультациялық комиссияның анықтама-қорытындысы негізінде білім алушының жазбаша нысанда білдірілген өз тілегі бойынша, оның ішінде білім алушының денсаулық жағдайы бойынша.
- Білім алушы өз еркімен оқудан шығарылған кезде білім алушы Медресе әкімшілігіне себептерін (денсаулық жағдайы, отбасы жағдайы және басқалары) көрсете отырып, өз еркімен оқудан шығару туралы өтінішті уақтылы ұсынуы тиіс.
- Білім алушы оқудан шығару туралы өтінішті уақтылы бермеген жағдайда, білім алушының (өкілдің, тапсырыс берушінің) оқу құнын төлеу жөніндегі міндеттері Медресе директорының бұйрығында көрсетілген білім алушы оқудан шығарылған күнге дейін сақталады.
-
- Білім алушы (тапсырыс беруші, өкіл) мен Медресе арасында жасалған білім беру қызметтерін көрсету шартының талаптарын бұзғаны үшін. Шарттың талаптарын бұзу деп шартта көзделген міндеттемелерді орындамау немесе тиісінше орындамау, оның ішінде оқу құнын төлеу мерзімдерін бұзу түсініледі.
- Медресенің оқу тәртібін бұзу, ол:
- Медресе Жарғысын бұзу;
- Алкогольдік, есірткілік, психотроптық, сондай-ақ көрсетілген заттарды пайдалану немесе оларды сақтау, тарату;
- Темекі шегу;
- Медресенің білім алушы мәртебесімен үйлеспейтін, Медресенің беделі мен іскерлік абыройына зиян келтіретін моральдық әрекеттер жасау;
- Әкімшілік немесе қылмыстық жазаға әкеп соғатын қоғамға қарсы ic-әрекеттер жасау;
- Бұзушылық жасау, сондай-ақ бұзушылыққа (төбелесу, қорқытып алу, ұрлау, тонау және т.б.) қатысу;
- Медресенің қадір-қасиетіне, беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді тарату;
- Медресе жұмыскерін немесе білім алушыны қорлау, ар-намысы мен қадір-қасиетін жою;
- Нәсілдік, этникалық, діни, әлеуметтік бітімсіздікті және айрықшалықты насихаттау, халықаралық құқық пен ізгіліктің жалпыға бірдей танылған қағидаттарына қайшы келетін милитаристік және өзге де идеяларды тарату;
- Рұқсат етілмеген митингілер мен басқа да осындай іс-шараларды ұйымдастыру немесе қатысу;
- Медресе білім алушыларына немесе жұмыскерлеріне қатысты дене, моральдық және психикалық зорлық-зомбылық әдістерін қолдану;
- Құжаттарды және құжаттардағы қолтаңбаларды (студенттік билет, сынақ кітапшасы, оқырман билеті және басқалар) қолдан жасау, сондай-ақ құжаттарды және құжаттардағы қолдарды қолдан жасауға тікелей қатысу;
- Білім алушылардың оқу процесіне байланысты жалған құжаттарды немесе көрінеу жалған мәліметтерді ұсынуы.
- Білім алушыны оқудан шығару Медресе директорының тиісті бұйрығын шығару жолымен жүргізіледі.
- Оқудан шығару туралы бұйрықта көрсетілген білім алушы оқудан шығарылған күннен бастап білім алушы мен Медресе арасында жасалған білім беру қызметтерін көрсету шарты білім алушы мен Медресенің қосымша растауынсыз бұзылды деп есептеледі.
- Медреседен шығарылған кезде білім алушыға оның талабы бойынша Медреседе оқуын растайтын белгіленген үлгідегі академиялық анықтама, білімі туралы құжаттың түпнұсқасы беріледі.
- Білім алушының Медресе алдындағы қаржылық берешегі болған жағдайда, Медресе білім алушының білімі, Медреседе оқудан өтуі туралы құжаттарын және білім алушының жеке ісіндегі басқа да құжаттарды беруді қаржылық берешегі толық өтелгенге дейін кідіртуге құқылы.
- Тәртіптік жазаларды уақтылы қолдануға және тиісті құжаттарды тиісінше ресімдеуге дербес жауапкершілік Медресе директорының орынбасарларына жүктеледі.
- Сабаққа кешіккен студент сабаққа жіберілуі керек, бірақ осы пән бойынша бөлім меңгерушісінен келесі сабаққа рұқсат алу керек.
- ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
- Осы Ережеге өзгерістер мен толықтырулар Медресе директорының бұйрықтарымен және өкімдерімен Ережені жаңа редакцияда шығару нысаны бойынша енгізіледі.
- Ереже Медресе директоры бекіткен сәттен бастап күшіне енеді және жаңа Ереже мерзімін шектеусіз/жаңалары қабылданғанға дейін қолданылады.